Сұлтанмахмұт Торайғыровтың поэмалары
Талантты ақын
Сұлтанмахмұт Торайғыров бірнеше поэманың авторы болды.
Олар: "Таныстыру" (1918), "Адасқан өмір"
(1918), "Айтыс" (1919), "Кедей" (1919),
"Қайғы" (1919). Бұл поэмалардың ішіндегі
бізге толық жетпегені "Қайғы" поэмасы", ал
"Айтыс" поэмасы толық аяқталмаған дүние
саналады. Ал оқырман қауымға көп уақыт бойы
құпиялау болып келгені - "Таныстыру" еді. Бұл
көлемді шығарма Алашорда үкіметінің белгілі
қайраткерлерін таныстыру мақсатын көздейді. Ол қара
қазақ пен оқыған адамның диалогына
құрылған. Қара қазақ аумалы-төкпелі
осы заманда кімге сүйеніп, кімге сенуге болады, - деп сұрайды да,
оқыған оған жауап береді. Алдыңғы кезекте ол
Әлихан Бөкейхановты, Ахмет Байтұрсыновты, Міржақып
Дулатовты таныстырып, олардың қазақ халқының
тәуелсіздігі жолындағы жалынды еңбегін зор бағалайды.
Оларға ерген жастар ішінен Әлихан Ермековты, Халел
Ғаббасовты, Шәкәрім Құдайбердіұлын,
қазақ мәдениетінің белегілі қайраткерлері
Нәзипа, Нұрғали Құлжановтарды таңдап алып,
олардың еңбектеріне сипаттама береді. Ақын ойлары жалаң
баяндалмай образ ашар бейнелі сөздер мен суретке
құрылған. Мысалы:
Меніңше Ермеков деген
бала,
Ұқсайды ұшқыр қыран
қаршығаға.
Немесе Ғаббасов туралы:
Ызаны ұмыта алмас
өшін алмай,
Ондайға іші зәрлі, сырты балдай,
Өзі айтпаса түсінен
ұқтырмайды
Екенін жүректегі ала қаптай, - т.б.
Сол кезде Семейде болған іс
басындағы адамдардың бәрін таныстыру міндетін алғанмен,
ақын оның бәрін жаппай мадақтай бермейді. Көбіне
сын көзімен қарайды, оларды еңбегіне қарай
бағалайды. Ақынның осындай жолмен таныстыратын
кейіпкерлерінің ішінде Мұқаш Поштайұлы, Жақып
Ақтайұлы, Райымжан Мерсеков, Сатылған Сабатаев сияқты
азаматтар бар. Олардың сипаттамасы да ақындық оймен
суреткерлікпен берілген.
Атап айтатын бір нәрсе -
Сұлтанмахмұттың ақындық таланты туралы айта
отырып Абайға берген мінездемесі. Абайды ол қазақ
әдебиетінің оған дейінгі үлгінің бәрінен
жоғары қояды, білімсіз талант көп адастырған
ақындар тобынан Абайды бөліп алады:
Абайды дейік биік бұлтқа жетті,
Аз
ілімі жетуіне жәрдем етті.
Алты алашқа атағы айқындалып
Сүйікті, тағзым мінді, суретті.
Толстой онан биік күнге
жетті.
Күн астындағы
елдерге даңқы кетті
Алса егер Толстойдан
тәрбиесін
Абай да көрсетер еді сондай кепті, - деп жазды
Сұлтанмахмұт. Өз заманының ойшыл ақындары
ішінен Сұлтанмахмұт
Шәкәрімге ерекше
қарайды, оның ойшылдығы жалғыз қазақ емес, бүкіл адамзатқа ортақ деген пікір айтады:
Бұл қазақтың
мақсұты - биік, алыс.
Таппаса да сөзінен құлақ
салыс.
Қазақ деп жекелеме, адамзат де
Ол кісінің пікірімен болсаң таныс.
"Таныстырудың" идеялық мазмұны осы айтылғандардан-ақ байқалады, ақын жеке адамдарды бағалағанда олардың адамдық, қоғамдық еңбектерін халыққа, еліне сіңірген қызметімен өлшейді, ел басшылығынан дәмелі адамдарға салмақ артады, сын айтады. Мұның өзі кезінде, заман халық ішінен шыққан қайраткерлерді іріктеп
жатқан тұста, айрықша маңызды болды. Сұлтанмахмұт елді ойлы, білімді
басшылардың маңына
бірігуді үндеді.
Өкінішке орай бұл шығармаларды Сұлтанмахмұттың сол тұста жазған тағы басқа бірқатар еңбектеріне (мысалы: "Айтыс")
қоса ескілікпен,
ұлтшылдықпен байланыстырып,
көп уақыт ауызға алмай келдік.
Көп мәселелерді талдауға тұрпайы социологиялық принципке бой алдырдық. Бүгінге дейін Сұлтанмахмұттануда
үлкен бір қатесі де осымен байланысты.
Ал шын мағынасында Сұлтанмахмұт - ұлы
ақындардың бірі.
Болған қайшылығы, қателері оның ұлылығын кішірейтпейді. Заманы ауыр, жүрген жолы қиын балды. Оның пікірлес,
тілектес ағаларының
көбі құрбандыққа
шалынды. Көп уақыт ақынның замандастарының
өзі - М.Сералин, Ә.Тәңірбергенов, С.Дөнентаев
шығармашылығы жөнінде
де қайшылықты пікірлер
үстем болып келді. Таланты жағынан әр қилы болғанмен, осылардың бәрінің негізгі ізденіс бағыты бір еді, демократиялық
идея үшін, елдің азаттығы, тәуелсіздігі
үшін отаршылдыққа
қарсы күрес -
ХХ ғасыр басындағы
ақындар шығармаларының
ортақ тақырыбы болды. Осы адал пікір үшін,
халқын сүйгені үшін "ұлтшыл"
атанды.
"Айтыс" та дұрыс түсінілмей, әр қилы пікірге ұшырап жүрген поэманың бірі. Бұл ақынның
соңғы әрі
аяқталмай қалған
дүниесі. Мұнда ол дала ақыны мен қала ақынын айтыстырып, сол арқылы қала мен даланың әрқайсысынан
өзіне тән артықшылығын және
қайшылықтарын талдайды.
Дала ақынының сөзін
басымырақ ұстап,
Сұлтанмахмұт соның
аузымен қазақтың
жерін, табиғатын, елін, ел басшылығы мен батырларын, ақын-жыршыларын,
салт-дәстүрін мақтан тұта жырлайды. Қазақтың
тілі мен дүние танымының биіктігін ("байқасаң қазақтың
өзінде де бар, дүниенің
ерекшелігі, пайғамбары")
суреттейді. Даланы ол қалаға қарсы қойып, оның у-шуын, адамдардың дала адамдарындай
кеңпейіл еместігін, жіктеушіліктің молдығын әділетсіздікті
көрсетеді. Сірә, қаладағы
өмірін оқу іздеп, үнемі жолы сәтті болмай, көп
қиыншылықпен өткізген Сұлтанмахмұттың
қала туралы әсері жақсы болмаған сияқты, ол
көбіне даланы баса айтып, тіпті оның көрер көзге
оғаш, кертартпа әдет-салттарын, емші-бақсы балгерлеріне, "қайырымды байларына" шейін асыра мақтап жібереді. Сонымен бірге қала ақынының аузымен ауылдағы алауыздық барымтаның,
партияның күштілігін, ғылым-өнер
жоқтығы сыналады.
Жер бай мен күштінікі екені ашылады. Қала өнерін, білімін, келешегін мақтан тұтады. "Айтысты мансұқтаушылар кезінде оның феодалдық ескілікті мадақтауын" тілге тиек етеді.
Алайда бүгін көне дәстүрімізді
жаңғыртып, елдік
пен оның қорғау
дәстүрлерін қатты
қарап жатқан кезде "Айтысты" қайта оқу, оны бүгінгі керегімізге жарату әбден орынды. Мысалы:
Сүйемін туған тілді - ана тілім,
Бесікте жатқанымда берген білім.
Шыр етіп
жерге түскен минутымнан,
Құлағыма сіңірген
таныс үнін.
Сол тілмен шешем
мені әлдилеген,
Еркелеткен "құлыным,
жаным" деген
Сол тілменен бірінші
білгізілген
"Ана" деген сүйгендік сөз әнімен, -
деген өлең шумақтары бүгінгі күні де дәл
осылай айтылады, естіледі. "Айтыс" - қазақтың
ұлттық психологиясынан туған, соны жырлайтын шығарма.
Нағыз поэзия қашанда әуелі халқына, ұлтына, сол
арқылы адамзатқа қызмет етпек. Өйткені ол адамды
сүюге, болашаққа сенуге үйретеді. "Айтыстан"
алатын тағлым да осындай. Мұнда да адал, шыншыл, іздемпаз,
драмалық шиеленіске толы, қуаныш-қайғысы аралас
ақын суреттелген.
Өмірбаянда
айтылғандай, Сұлтанмахмұт 1917 жылыдың күзінде
жазған "Жас жүрек" деген өлеңінде өмір
бойы алдандым, адасудан көз ашпадым, өмірім - адасқан
өмір деп білді және 1918 жылдың орта кезінде жазған
поэмасын "Адасқан өмір" деп атады.
Поэманың кейіпкері
бір-ақ кісі, "Мен" деген лирикалық қаһарман.
Ол өз өмірін бес кезеңге бөліп:
1) мен бала; 2) мен жігіт; 3) мен тоқтадым; 4) мен кәрі; 5)
мен өлік,- деген бөлімдерге жүйелеп баяндайды. Кісінің
жарық дүниеге келгенінен өлгеніне дейінгі қалпын,
сезімін, ойын, арманының бәрін жыр етеді. Адамның өмір
кезеңі, жас шамасына орай дүние құбылысын
құбылтып, өзгертіп, дамытып, күрделендіре түседі.
Кейіпкер өз өмірінің екінші кезеңін - "мен
жігіт" деген бөлімін айрықша мән беріп, толық
суреттейді.
Мен жігіт, он бес отыз арасында,
Бұл жаста көп: бересі
аласым да
Алдымда толған мақсат, толған талдау,
Алайын ба
мынасын, анасын ба
Жалыны бойға сыймай, сырттан көрініп,
Күн сайын тұрады артып қайрат, күшім
Әр үміттің
қиялы сәулеленіп,
Түні бойы ұйқы бермес, толқып ішім, - дейді.
Осылай ол өнер,
жол таңдайды. Әуелі байлықты, онан кейін әкімдік,
қолбасшылықты, үшінші
ғалымдықты, өнер
танытқыштықты таңдайды.
Бірақ осының әрінен дәл, орынды дәлелдер айтып, дәлірек айтқанда,
капитализм тұсында байлықтан,
әкімдік қолбасылықтан,
өнер-ғылымнан халыққа,
кедей, бейшараға келетін пайда жоқ
деп, безіп шығады. Ақырында ол әділдікті
таңдайды:
Ендеше табысам негізгі іске,
Әділдікте бар негіз, бақ та, күш те,
Қаламай әділдіктен
басқа жолды,
Өңім тұрсын, кірмесін түнде түске,- дейді.
Қоғамдық өмір, әділдік, дін, адамгершілік, еңбек, кәсіп, тап, байлық, кедейлік, қамаушылық, ұлт, соғыс, өнер, ғылым сияқты көптеген әлеуметтік-саяси күрделі мәселелерді, дүние, қоғам, өлім сияқты бірсыпыра философиялық мәселелерді қозғайды, бәрі жөнінде маңызды, орынды қорытынды жасайды. Ақын байламы халық, еңбекші бұқара мүддесі тұрғысынан қарап жасалады.
Сұлтанмахмұт Торайғыров поэмалары өз тұсындағы қазақ әдебиетінде мазмұн идея жағынан болсын зор жаңалық. Қазақтың жазба әдебиетінде Сұлтанмахмұттан
бұрын, Сұлтанмахмұттың
өз тұсында мұндай поэмалар болмаған. Ақын әдебиетте жоқты жасады. Оның ұлылығы да осында еді.